Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзендердің бірі. Бастауын Орталық Тянь-Шань сілемдерінен алады. Нарын мен Қарадария өздерінің қосылған жерінен бастап Сырдария деп аталады. Арал теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2219 км, су жинайтын алабы 462 мың км кв. Орта және төменгі ағысы Қазақстан жерінде; республикадағы ұзындығы 1400 км, су жиналатын алабы 240 мың км кв. Өзен бастауын тау деңгейінен жоғары 3300 – 4400 м биіктікте жатқан таулы өңірден алады. Алабында өзен суын толықтырушы, жалпы ауданы 2208 км кв болатын 1713 мұздық бар. Қазақстан жеріндегі (Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда обылыстары) алабы негізінен құмды келеді. Қызылқұмның солтүстік және Арал Қарақұмының оңтүстігімен ағады. Сырдарияның 130-ға жуық саласы бар; Қазақстандағы ірілері – Келес, Құркелес, Арыс, т.б. Сырдария негізінен қар және аздап мұздық, жауын-шашын суымен толысады. Жылдық ағынының 20,7% көктемде, 47,3% жазда-күзде, 32% қыста өтеді.Сырдария ағынының орташа жылдық модульі (қосылатын су мөлшері) 8 л/с/км кв. Деңгейі сәуір айынан көтеріле бастайды, маусым-шілде айларында ең жоғары шегіне жетеді. Содан кейін суы азая түседі. Жылдық орташа су мөлшері Қазақстан шегіне енген тұсында (Сарыағаш ауданы, Көкбұлақ ауылы) 730 м3/с. Қызылорда қаласының тұсында арнасымен секундына 673м 3, сағасына таяу жерде (Қазалы қаласы тұсында) 446 м3 су өтеді. Өзен Түркістан қаласына дейін желтоқсаннан бастап қатып, наурыздың аяқ кезінде мұз ери бастайды. Мұзының қалыңдығы ақпан- наурыз айларында 66-68 см-ге жетеді. Суының орташа температурасы жаз айларында 23-25 С-қа (кейде 29 С-қа дейін көтеріледі) шамасында. Су лайлылығы 1150-1200 г/м3 (республикадағы ең лайлы өзен), су негізінен гидрокарбонатты келеді. Өзенде сазан, көксерке, табан, ақмарқа, қаяз, жайын, т.б. балықтар бар. Суы мол жылдары Қазалы қаласына дейін кеме жүзген. Сырдария алабында Жаңадария, Қуандария сияқты көне құрғақ арналар көп кездеседі; бұлардың көпшілігі суару-суландыру каналдарына айналдырылған. Жалпы мәлімет бойынша 19 ғ. –дың ортасынды Сырдария атырауында 3 мыңға жуық көл (қазіргі уақытта 123 көл) болғаны айтылды. Сырдария бойы ежелгі заманнан бері халық тығыз қоныстанған, суармалы егіншілік кеңінен дамыған мәдениет ошақтарының бірі болып табылады. Көне грек жазбаларында Сырдария өзені «Яксарт» деп аталған. Ал Әл-Беруни кезеңіне дейін «Хасарт» делінсе, Орта Азияға арабтардың келуімен (7 ғ.) «Сейхун» деп аталған. Сыр бойын алғаш зерттеген орыс саяхатшылары Д. Гладышев және И. Муравиннің (1741) жазба есептерінде Сырдария деп жазылған. 1880-90 ж. аралығындағы газет тігіндеріндегі Сырдария өзені туралы деректерден Сыр бойы, әсіресе, Ақмешіт (Қызылорда) өңірі көп өзгерістерге түскені байқалады. Өзен арнасын алғашқы кезде оңтүстік-батысқа кейін солтүстік-батысқа қарай өзгерткен. Оның ескі арналары (1831 ж. карта бойынша) бүгінгі арнасы мен Іңкәрдария арнасын құрап, Арал теңізіне барып құйғанын, Сырдария және Жаңадария Аңғарларының жалғасы Арал теңізінің астында қалғандығын ғалымдар деректермен дәлелдеп, тұжырымдаған. Бұл тұжырымдар бойынша Сырдарияның ең алғашқы арналарының бірі – Іңкәрдария. Бұл өзен бүгінде құммен көміліп қалған, су келетін тармақтарының ізі білінер білінбес. Академик С.Толстовтың зерттеулерінде (1946-1950) Сырдарияның төменгі ағысында суармалы жердің бүгінгіден төрт есе көп болғаны айтылады.
Если ответ по предмету Қазақ тiлi отсутствует или он оказался неправильным, то попробуй воспользоваться поиском других ответов во всей базе сайта.